Гостиницы в Алматы
2016-11-21 13:31:32 86 0

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында атақты скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиев Алматы симфониялық оркестрімен бірге концерт қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Араға он жыл салып, Батыс Қазақстан облысына келген Марат Бисенғалиев аталмыш симфониялық оркестрмен бірге Алмас Серкебаевтың, ағылшын композиторы Эдвард Эльгардың пьесаларын орындады. Сондай-ақ  Н.Розенбергтің «Скрипкаға арналған ән», К.Дженкинстің «Шерпек» пьесасын, «Загипа» элегиясын, «Palladio», Ф.Крейслердің «Прелюдия мен Аллегро», Л.Андерсонның «Серенада», «Шанамен сырғанауын» және басқа туындыларды көрермендер назарына ұсынды.

Концертті тамашалаған облыс әкімі Алтай Көлгінов бүкіл әлемге танымал скрипкашының ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Оралға келіп, өз өнерін көрсеткеніне ризашылығын білдірді.

«Біз «NOMAD» - «Көшпенділер» атты жаңа аудиоальбомды жазып, елге таныстырдық. Бұдан кейін біз Атырау мен Ақтөбеде және ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астанада концерт қоймақшымыз. Содан кейін Дели мен Таиландқа сапарға аттанбақшымыз. Осы жолғы бағдарламада бұрын өзім құрған Батыс Қазақстан филармониялық оркестрмен бірге орындалған шығармалармен бірге жаңа туындыларға да кезек берілді», деді Марат Бисенғалиев.

Айта кетейік, Марат Бисенғалиев 1962 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Сәмет Бисенғалиев Батыс Қазақстанның Бөкей ордасы ауданынан. 2003 жылы Оралда Марат Бисенғалиевтің Батыс Қазақстан филармониялық оркестрі құрылып, ол 2008 жылға дейін қызмет етті.

Пікір жазу