Гостиницы в Алматы
2016-04-08 14:22:21 1552 2

Ақын Ринат Зайытов қазіргі таңда мәселе айтыста емес, ақындардың өзінде екенін айтып, «Қамшы» порталына сұхбат берді.

Зайытовтың айтуынша қазіргі кезде ақындар өздерін пайдалануға жол беріп жүр. «Ақындардың санасы тәуелсіз болмай бәрі бекер. Мәселе, айтыста емес, ақындардың өзінде. Салауат Исақаев деген ағамның «Біздің ақындарды Германияға апарып айтыстырсаң, «Айналайын Гитлер, немістен шыққан есіл ер» деп отыра береді» деген бір сөзі бар. Сол секілді, ақындарымызды өздерін мақтатуға, біреуді даттатуға пайдаланғысы келетіндер бар. Бірақ, мұнда кімді кінәлайсыз? Жүрсінді кінәлаудың, «Нұр Отанды» кінәлаудың реті жоқ. Ақындарымыз өздері қайда баратынын, қандай айтысқа қатысып, кімді мақтайтынын ойламаса оған кім кінәлі?» - деді Зайытов. Сонымен қатар, ақынның пікірінше, шоу-айтыстың жалғасуына да дәл осы ақындардың қауқарсыздығы кінәлі. «Жоқ дегенде біреуі шығып «Мен ана әліппеден басқа кітап оқымаған Қанат Әлжаппаровпен айтыспаймын» деп айтпаса, олай айтуға қауқары болмаса, ақындарды кім пайдаланбайды?» - деп кесіп айтты ақын.

Дегенмен ақын "Жұлдыздар айтысын" уақытша құбылыс деді. «3 жылдай бұрын бұлар мына шоуларына ертең Жүрсін Ерманды да қосып алады деп айтқамын.  Бірақ, сол кезде осыны ұйымдастырушылардың бірі Бақытжан Қасымның өзі әу баста бұны уақытша бастама, бір рет қызық үшін көреміз, кейін ұйымдастырмаймыз деген. Алайда, олай болмай шықты. Қазір айтысқа әмір жүргізгісі келетіндер айтысты бағындыруын бағындырып алды. Енді көрерменді бағындыру қалды. Қазір айтысқа баратындар азайды. Зал толмайтын болды. Енді рейтингті көтеру үшін үйреншікті әдіс әншілерді қосу сәнге айналды».

Зайытов жазба ақындарды да кейбіреулер өз мақсаттарында пайдаланып жүргенін тілге тиек етті: «Тек айтыс ақындарын ғана емес, басқа жазба ақындарды да қол бала етіп жүргендер бар. Жазушылар одағына мүше қаншама ақын-жазушы бар. Алайда, солардың барлығы ақын ретінде, жазушы ретінде тәуелсіз дей алмаймыз. Бұл жерде таяқтың екі ұшы да ақындардың өзіне келіп тиеді. «Кеудемде жаным бар, дастарханда наным бар» деген жасанды шүкіршіліктен айырылмайынша солай бола береді» - деді Зайытов.

Сонымен қатар, айтыстағы фавориттерін атап өтті. «Егер айтыста шынайы әділеттілік, әділ төрелік болса, Мейірбекке (Сұлтанхан - ред.) жетер ақын аз. Ақындарымыздың барлығы мықты, барлығы дарынды. Алайда, мен үшін солардың ішінде Мейірбегім бір төбе. Мейірбектен көп үміт күтемін» - деді ақын.

Ал атышулы «91» тобы жайлы ол тұңғыш рет қызының мектебінде естігенін айтты. «Мектептен білдім. Бұрын бәлкім құлағым шалған шығар. Өзі айтып жүргендері қазақшасы да түсініксіз бірдеңе ғой. Бірақ, қызымның мектебіне барғанда оқушылардың осы топты ерекше махаббатпен тыңдайтынын көріп, қауіп ойладым. Осы мәселеге құлақ асып, ой қосқандарға алғысымды айтамын. «91» тобын алғаш болып сынап, қоғамға қауіпті құбылыс екенін «НамысTV» арнасының жігіттері мен Мейрамбек Беспаев көтерді. Осыны ерекше атап өту керек» - деді Зайытов.

Сөз соңында Ринат өзін бақытты ақынмын деді. «Ақын ретінде бақытты адаммын. Мұхтар Әуезов: «Ел аузында бір ауыз өлеңі қалған ақын – ең бақытты ақын» дейді. Мен де Аллаға шүкір деймін, ел арасында айтыста айтқан сөздерім, басқа өлеңдерім жиі айтылып жүреді. Сөздерім ең болмағанда бір асабаның аузында жүрсе мен үшін одан асқан бақыт жоқ» - деген Зайытов күзде шығармашылық кешін өткізбекші екенін айтып, жаңалығымен бөлісті.

Пікірлер

  • Жарайсын Ринат гумырын узак денин сау болсын айткан пикир создерин оте дурыс сиздеи азамматар коп болсын.
  • Казакстанда Ринат № 1 акын.

Пікір жазу