Гостиницы в Алматы
2016-04-27 20:05:42 643 0

Қазақ халқы дарынды тұлғалардан кенде болған емес. Елі үшін басын бәйгеге тіккен, өнерімен әлемді тамсандырған таланттылар көп болған. Соңғы жылдары тарихымызда аты алтын әріптермен жазылған жандар туралы фильмдер түсіріліп, көптің көңілінен шығып жүр. Ендеше, қазақ тарихы мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бүгінгі бейнесін қандай актерлер сомдап жүр?

Қазақтың опера әншісі, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әлемді әсем дауысымен мойындатқан опера әншісі Күләш Байсейітованың өміріне арналған телефильмді "Хабар" Агенттігінің тапсырысымен "Shine Production" компаниясы түсірді. Бес сериядан тұратын фильмнің авторлары Күләштің 16 жастағы бойжеткен күнінен бастап 1957 жылға дейін, яғни, өмірінің соңғы кезеңдерін толық қамтымақшы. Телесериалдың режиссері -Жасұлан Пошанов. Ал  Күләш Байсейітова рөлін актриса Айгерім Уалжанова сомдайды.

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан автономиясының жетекшісі, алаш арысы Мұстафа Шоқай туралы фильмді  режиссер Сатыбалды Нарымбетов мемлекеттік тапсырыспен түсірген.  ХХ ғасырдың алғашқы тоқсанында саяси қызмет атқарған Мұстафа Шоқай өмірі мен тағдыры туралы «Мұстафа Шоқай» киносы 2008 жылдың 20 қарашасында жарыққа шықты. Фильмде елінің азаттығын аңсаған азамат Мұстафа Шоқайдың өмірі, саяси жолы, Түркістан, Кавказ, Түркия, Франция елдеріндегі эмигранттық тағдыры, айдауға түскен кезде көрген қиыншылықтары айқын көрініс тапқан. Сүйікті жары, опера әншісі Мария Горина жолдасының жанын түсініп, өз қызметін пида қылады. Басты кейіпкер Мұстафа рөлін қырғыз актері Әзиз Бейшеналиев сомдады.

Режисер Ақан Сатаев Кеңес Одағының Батыры, жаужүрек жазушы Бауыржан Момышұлы туралы тарихи сериал түсірді. Мәскеу үшін шайқаста ерлік танытқан батыр туралы фильм түсіру идеясының авторы – "Хабар" агенттігі". "Бауыржан Момышұлы" телехикаясының түсірілім жұмыстары Алматы және Минск қалаларында өткен. Оқиға 1941 жылдың шілдесінен басталады. Аға лейтенант Бауыржан Момышұлы әскери комиссариатта қызмет етіп, әскерге сұранып жүреді. Осы кезде Алматыға дивизия жасақтау мақсатымен генерал-майор Панфилов келеді. Бауыржанмен танысқаннан кейін, Панфилов оны бір батальонға командир етіп тағайындайды. Сөйтіп болашақ қаһарман жау шебіне аттанады. Фильмде басты рөлді жас актер Еркебұлан Дайыров сомдайды.

«Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілген кезекті телехикая - "Құстар әні". Қазақтың біртуар дарынды тұлғасы, ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы туралы бұл фильмнің режиссері Рашид Сүлейменов. Фильм атақты «Отырар сазы» оркестрінің құрылған сәтінен басталады. Картинада дарынды сазгердің қазақ музыкасын шыңға көтеруді мұрат еткен бастамасы өз шығармашылығымен қатар өрбиді. Көркем фильм сазгердің бірегей музыкалық туындысымен аталады. «Құстар әні» ұлы музыканттың құс қанат ғұмырын суреттейді. Бес сериялы бұл көркем фильм аты аңызға айналған дирижердің 90 жылдығына арналған. Басты рөлдерде Ергенбай Әбуев, Гүлназ Жоланова, Санжар Мәдиев сынды актерлер ойнайды.

Ақан Сатаевтың тағы бір тарихи-көркем драмалық фильмі - "Жаужүрек мың бала". Фильмнің тұсауы Қазақстанда 2012 жылы 3 мамырда кесілді. Фильм қазақ халқы жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлікпен күрескен XVIII ғасырдың бірінші жартысын қамтиды. Кино желісі бойынша, осы соғыста ел үшін күрескен жауынгер ер-азаматтар қатарында, жаужүрек Сартай батыр да өзіндей өрімдей жас, жеткіншек сарбаздарды ту көтеріп, жорыққа бастап шығады. Мың бала атанған Сартай жасағы қарасы әлдеқайда көп жауға азғана қол қарсы шауып, арасалмақты қазақ әскері пайдасына өзгертеді. Сартай батырдың рөлін Асылхан Төлепов сомдады.

Қазақ халқының бас ақын Абайдың әкесі, қажы Құнанбай  туралы фильмді Досхан Жолжақсынов  түсірген болатын. Көпшілікке ұнаған «Құнанбай» фильмінің сценариін жазған жазушы Таласбек Әсемқұлов. Фильм атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды. Басты рөлді актер Досхан Жолжақсынов сомдады.

 

Досхан Жолжақсыновтың кезекті тарихи киносы  қазақ халқының аты аңызға айналған танымал ақыны және композиторы Біржан Қожағұлұлының өмірін бейнелейді. "Біржан сал" фильмінің түсірілім жұмыстары Біржанның туған жері – Көкшетау өлкесінде өткізілген. Табиғаты көркем жерде бірнеше ауылдар құрылды, өлке тұрғындары көпшілікті түсірілімдерде белсенділік көрсеткен. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Бiржан сал» фильмiне 587 миллион теңге жұмсалған. Түсiру жұмыстары екi жарым айға созылған. Сценарий 2004 жылы жазылған. Идея авторы, түсiрушiсi, басты рөлдi сомдаушы –Досқан Жолжақсынов.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы туралы «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының режиссері Рүстем Әбдірашев. Киноэпопеяның  бірінші бөлімі «Балалық шағымның аспаны» - елбасының балалық және жастық шағы жайында түсірілген. Фильм Алматы облысының Үшқоңыр жайлауы, Шамалған ауылы, Қаскелең және Алматы қаласында түсірілген. Оқиға Нұрсұлтан Әбішұлының шынайы өмір жолын баяндайтын «Без правых и левых», «Эпицентр мира», «В сердце Евразии» атты шығармаларының желісі негізінде түсірілген. Фильмнің жалғасы «Отты өзен» атты екінші бөлімі және «Теміртау» деген атпен үшінші бөлімі де жарық көрді. Басты рөлді Нұрлан Әлімжанов сомдады.

 Жыр алыбы Жамбыл туралы фильм «Қазақстан» ұлттық арнасының тапсырысымен түсірілген. Жамбыл Жабаев туралы 4 сериялы тарихи драмаға 50 миллион теңге жұмсалған. Фильм Алматы облысының «Үшқоңыр» баурайы мен Жамбыл облысында, сондай-ақ Мәскеу қаласында түсірілген. Жамбылдың рөлін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер, әнші, композитор, драматург Байғали Есеналиев сомдады.

 

Пікір жазу