Гостиницы в Алматы
2016-03-29 11:02:40 208 0

«Шопандардың атасы» Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 120 жыл

Қазақ қашаннан төрт түлік малды береке мен байлықтың басы санаған. Маңғаз жатқан маң дала — Мойынқұмда да ата-бабаларымыз ежелден мал өсіріп, оны тікелей тірлік-тіршіліктің тиімді көзіне айналдыра білген.

Иә, «Мал — елге құт» деген сөз бар дана халқымызда. Оның шындығына осы өркені өскен өңірде өмір сүріп, ерен еңбек еткен азаматтарымыздың іргелі істері дәйекті дәлел бола алады. Бұл     ретте     алдымен    қазақтың қасиет қонған ақсақалының бірі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевты еске аламыз. Қадірлі қарияның биыл 120 жылдығы. Жазылбек атаны халқы еркелетіп «Шопандардың атасы», «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» деді. Өзі де өмірден өткенше сол биіктен түспей кетті. Бүкіл ғұмырын қой өсіруге арнаған ақсақал шалғайда жатқан Мойынқұм өңірінің мерейін тасытты. Оның даңқы кешегі Кеңестер одағынан асып шетелдерге дейін жетіп жатты. Мойынқұм десе Жазылбек атаның есімі еске түседі. Жазылбек Қуанышбаев еңбекке ерте араласты. Жетімдік зардабын тартып байдың малын бағып күнелтті.

IMG_4566

 

Қырқыншы жылдардың басында Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, онымен ең алғаш шұғылданғанда Жазылбек ата еді. Сол шақта ол қаракөл қойын өсіріп, оны асылдандыру, өнімділігін арттыру жолында аянбай жұмыс істеп, көптің көзіне ілінді. Нәтижесінде 1948  жылы кеудесіне алғашқы алтын жұлдыз тағылып, Социалистік Еңбек Ері атанды.  Жаз ата бұл атаққа масайраған жоқ. Керісінше жаңа белеске көтеріле түсті.

Осылайша араға он жыл салып, 1958 жылы екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Жазылбек Қуанышбаев сол тұста әр жүз саулықтан 140-145-ке дейін қозы алып, әрбір  қойдан 4 келіге дейін жүн қырқыпты. Шопандардың атасы қоғам ісіне де белсене араласты. Екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Шопанның қолынан шыққан елтірілер Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йорк жәрмеңкелері мен аукциондарында өте жоғары бағаланды.

Е. Шәкірұлы

Пікір жазу