Гостиницы в Алматы
2016-02-26 14:43:20 3945 0

Қазақстандық әншілердің арасында шетелде туып-өскен қандастарымыз баршылық. Олардың кейбірі шетте жүріп, атақты бола бастаса, кейбірі Қазақстан жерінде мойындалды. Отандық шоу-бизнестің қатаң шарттарына төзіп, өз ортасын қалыптастыра алған, отандастары түгіл әлемді мойындатқан қандастарымыз кімдер? Baistars.kz олардың бірқатарымен таныстырады.

Майра Мұхаммедқызы

Майра Мұхаммедқызы Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келген. Опера әншісі, париждік «Гранд Опера» сахнасында өнер көрсеткен тұңғыш қазақ қызы, көптеген халықаралық байқаулардың жүлдегері. Майра Мұхаммедқызының ата-бабасы Қытайға 30-шы жылдары кеңес билігінің зорлық-зомбылығына шыдамай көшіп кеткен. Әншінің әкесі де, анасы да музыканттар. Әкесі Қытайда танымал композитор, қазақтың халық әндерін жинаушы, ал анасы ҚХР халық әншісі болған. Майра кішкентай кезінен музыкаға әуестеніп өскен, Пекин консерваториясын тәмамдаған. Қытайда жүріп көптеген байқаулардың жүлдегері атанған. Сонымен қатар Қытайда алты жыл консерваторияда сабақ берген. Дегенмен, ол әрдайым отанына оралуды қалаған. Осылайша 90-шы жылдардың ортасында Қазақстанға қоныс аударады. МАОБТ-тың солисі болып қызметке кіріседі. Кейін туғандарын да Қазақстанға көшіртіп алады. Қазіргі таңда Елбасының шақыртуымен Астана қаласының «Астана Опера» театрында өнер көрсетіп жүр. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.

Ерболат және Есболат Беделхановтар

Ерболат және Есболат Беделхандар Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Бастапқыда олардың қатарында бауырлары Жанболат та өнер көрсеткен. Ата-анасы Гүлжәмиля Әбілханқызы мен Беделхан Машан да музыканттар. Отбасы 1991 жылы Отанына оралған. Ағайындылар 2000 жылдары Астанаға көшіп, мемлекеттік филармонияда жұмыс атқарады. «Наз», «Жас қанат» би топтарында өнер көрсетеді. Кейін Бауыржан Ибрагимовтың шақыртуымен «Бауыржан шоу» театрының ішінде құрылған вокалды-би ансамблінің құрамына кіреді. Кейін топ «Орда» деп аталып, театрдан тыс өнер көрсете бастайды.

Шұғыла Сапарғалиқызы

Би өнерінің шебері, түрлі халықаралық байқаулардың жүлдегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Шұғыла Сапарғалиқызы Қытай Халық Республикасы Іле-Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан ән-биге әуес болып, бесінші сыныпта Пекин қаласының хореографиялық мектебіне қабылданады. 1991 ж. Пекинде Қытай Қарулы сақшы бөлімі ән-би ансамбліне жұмысқа тұрып, сол тұста Корея, Италия мемлекеттері мен Гонконг аудандарында өнер көрсетеді . Қазақстанға алғаш рет 1996 ж. Наурыз мерекесінде өз өнерін туған елі алдында ортаға салады. Сол жолы әнші Н. Нүсіпжанов басқаратын «Жазира» ансамблімен бірге Орталық концерт залында шағын шығармашылық кешін өткізеді. Ары қарай «Тамаша» ойын-сауық отауында, Жамбыл атамыздың 150 жылдық мерейтойында өнерін көрсетеді. Осылайша көзге түсіп, елімізге танылып үлгерген биші қызымыз 2000 ж. Қазақстан Президентінің «Өнерлі қандастарымыз Қазақстанға да керек!» – дегенінен кейін елшілік тарапынан бірнеше шақырту алып, өз өнерімен тарихи отанын сусындату мақсатында елге оралып, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балетмейстері, «Ұлан» президенттік оркестрінің бишісі атанады. Шұғыла Сапарғалиқызы 30-дан аса қазақ биін қайта жандандырған биші.

Әділ Сламхан

Әнші Әділ Сламхан Қытайда туылып өскен. Өнер жолын да сол елде жүріп, тойларда өнер көрсетіп бастайды. Алайда әнші Қытайда мұнай саласының маманына оқыған. Тіпті 9 жыл бойы сол салада еңбек еткен. Дегенмен, 90-шы жылдары Қазақстанға оралған соң шығармашылықты қайта қолға алады. Әнші бүгінде жұбайы Дана Маханбаевамен дуэт болып өнер көрсетіп жүр.

Шаба Әденқұлқызы

Дәстүрлі әндерді орындаушы, сазгер Шаба Әденқұлқызы да Қытайда туылып-өскен. Қытайда ол эстрада әншісі ретінде танылған. Дегенмен, 2002 жылы Қазақстанға оралған соң Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, «Дәстүрлі әндер орындаушысы» мамандығы бойынша Қайрат Байбосыновтан тәлім алады. Шаба, сонымен қатар, 30-дан астам әннің авторы. Оның «О, туған жер», «Сен жоғалдың» әндері халық арасында кең танымал. Жақында ол жолдасымен бірге дуэт құрмақшы екенін мәлімдеді.

Қажымұрат Шешенқұл

Әнші Қажымұрат Шешенқұлдың есімі халыққа аса таныла қойған жоқ. Дегенмен, әнші Қытай қазақтары арасында үлкен сұранысқа ие әншілердің бірі. Қазақстанға ең алғаш рет "Еркелеп күле бердің, сол менің тілегенім" деп жырлаған әнімен таныла бастады. Ол Алтай өңірі Қаба ауданында Қарашілік ауылында дүниеге келген. Шыңжаңның педагогика университетінің музыкатану факультетінің түлегі. Қазақстанға 2009-жылы «Ән мен әнші» концертін ұйымдастырушылардың шақыртуымен келген. Ол «Қара жорға» әнін орындайтын төрт жігіттен құралған топтың бір мүшесі. Отанына оралған әнші қазірде репертуарын қазақ әндерімен толықтырып жүр. Оның «Мақпалжан» әні көптің көңілінен шығуда.

Ұшқын Жамалбек

Ұшқын Жамалбек Қытай елінің Құлжа қаласында туылған. Алматы Өнер академиясын бітірген. «Алашұлы» этно-тобының мүшесі. Топ әндерінің басым бөлігі осы Ұшқын Жамалбектің туындылары. Қазіргі таңда Очоу лақап атымен танылып жүрген Олжас Абайдың музыкалық продюсері.

Жанат Әділханқызы

«Қазақстан дауысы-2015» телевизиялық ән байқауының финалисі Жанат Әділханқызы Қытай елінің азаматы. Осы байқауға қатысып, көпшіліктің көзайымына айналды. Ол бір кездері Бейжіңде өткен ән байқауында «Ән патшайымы» жүлдесін жеңіп алған. Қазақстанға байқауға қатысу үшін ғана келген әнші Отанына түбегейлі оралып, ата-анасын көшіріп алуды армандайды.

Қайнар Қатпай

Қайнар Қатпай өнерге қадамын Қайнар Бәзілжан атымен бастаған. Алайда, қазір өзін Қайнар Қатпай деп таныстырып жүр. Ол Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысының Шілөзек ауылында дүниеге келген. Оның өнерге алғаш қадамы дәл сол Қытайда басталған. Қытайда жүріп, тұңғыш «Бүлдірген тістеп туған қыз» атты альбомын жарыққа шығарады. Әнші жігіттермен қосылып «Гәкку» тобын құрады. Тобымен бірге Қазақстанға оралады. Қайнар Қазақстанға оралған соң Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түседі. Кейін «Гәкку» тобы тарап, өзі жеке әнші ретінде қалыптасады. Жақында Қайнар Қатпай «Астана аруы» әніне бейнебаян түсірді.

 

 

Пікір жазу