Гостиницы в Алматы
2016-04-03 11:48:03 511 0

Кеңестік кезеңде қазақ киносының ең жемісті шақтары деп алпысыншы, жетпісінші жылдарды айта аламыз. Сол жылдары түсірілген фильмдерден ұлттық құндылықтарымызды көбірек байқаймыз. Ендеше қазақ киносы салт-дәстүрлерімізді қалай насихаттады? Өткенге шегініс жасап, ұлтымыздың мәдениетіндегі классикалық туынды «Қыз Жібектен» бастайық.

От Ана тәу-тәу өзіңе тапсырдым, Жер-Ана тәу-тәу өзіңе тапсырдым, ақ төсек тәу-тәу өзіңе тапсырдым, зер белбеу тәу-тәу өзіңе тапсырдым дейді ана. Бұл Ғабит Мүсіреповтің сценарийімен түсірілген фильм. Дегенмен мұндай салт бүгінде көп жерде кездеспейді. Салттың маңызы сол қызын ұзату барысында ананың тапсыруы.

80-жылдары жарық көрген «Шаңырақ» кинокартинасының да берер тәрбиесі мол. Ошақтың отын өшірмей, әкенің ізін жалғаған бала, туыстық қарым-қатынасқа берік ағайынның ақылы да бір фильмнің өне бойына сыйып тұр. Тәрбиелік мәнінен бөлек мұнда салт-дәстүріміз де көрініс тапқан. Қыз алып қашу дәстүрі кеңінен көрсетілген.

«Жамбылдың жастық шағы» көркем фильмі. Жамбылдың Бұрымға түн ішінде ұрын бару салты мен қатар қандай да бір істі бастамас бұрын жасы үлкен сыйлы адамнан бата сұрау, рұқсатын алу дәстүрі де жақсы көрсетілген. Дегенмен Бұрымды атастырып қойған себепті Жамбыл атамыз осылайша өзі ұнатып қалған қыздан қол үзуге мәжбүр болады.

70-жылдары қазақ кино өнерінің алтын тірегі саналған «Гауһартас» фильмі жарық көрді. Бүкілодақтық тұсау кесері Мәскеу қаласында өтті. «Гауһартас» киносы танымалдылығы жағынан күллі Кеңес Одағы бойынша «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі екінші орында болды. Қарапайым шаруаның шаңырағына келін боп түскен Салтанаттың биязы мінезі, үлкенді сыйлауы және қайын інісіне «Ерке бала» деп ат қойып, қалжыңдасуы да керемет үндестік тапқан.

Ақанның Құлагерін айқын көрсеткен тағы бір туынды бар. Баланы бесікке бөлеу дәстүрі өзгеше етіп көрсетілген. Үйлену салтын бүгінгі қалыпқа сай көрсете білген картинаның бірі «Махаббат» бекеті».

1978 жылы Әзірбайжан Мәмбетов пен Юрий Мастюгин Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының желісі бойынша екі бөлімнен тұратын кино түсірді. Фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық көрмеде КСРО-ның Алтын медальына және Ашхабад қаласындағы өткен кинофестивальда «Ең үздік тарихи-революциялық фильм» номинациясы бойынша бірінші жүлдеге ие болды. Мұнда сол кездегі қазақ қоғамында кездесетін жөн-жоралғылар аздап көрініс тапқан. Қазақ кино өнерінің кез-келгенін қарасаңыз, одан тағылым мен тәрбие, салтымыз мен дәстүрімізді көре аласыз. Бүгінгі қазақ киносына жетпей тұрған тұсыда осы болса керек...

Е.Шәкірұлы

Пікір жазу