Гостиницы в Алматы
2015-03-05 00:53:21 9625 4

Танымал ақын, талантты тележүргізуші Назира Бердалы ана атанды.

  «Әйел адам үшін шығармашылықтың шыңы ол – дүниеге бала әкелу» дейтін ақын сүйікті жарына қыз сыйлады.

Назира Бердалы ҚазҰУ журналистика факультетінде білім алып, еңбек жолын алғаш «Қазақ радиосынан» бастаған. Кейіннен «Қазақстан» ұлттық арнасында редактор болып жұыс атқарған. Сонымен қатар, «Риясыз әңгімен» бағдарламасын жүргізді. Онымен қоса, ақындығы бір төбе. Студент кезінен бірнеше мүшайраларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. 21 жасында «Жаңбырлы түн» атты жинағы жарық көрген.

2012 жылы Алматыдан Астана қаласына қоныс аударды. Қазір отбасымен Астана қаласында тұрады.

Ендеше сәбидің бауы берік болсын!

Осы орайда, Назира ақынның жазған бірнеше өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз!

Ару-ғұмыр                                                                           

Әнін жазған: Бағлан Бәбіжан

Сөзін жазған: Назира Бердалы

Орындаушысы: Қарақат Әбілдина

 

Адалдығы болмаса аңсатар ма,

Ару деген – әдемі  әрқашанда,

Өмір атты іздеген ән-сапарда, бақыт.

Әр таң оған ерекше күліп келген,

Әр көктемнен ерекше үміттенген,

Зулайтынын осылай біліп пе ем мен, уақыт.

Кеше ғана бәйшешек гүлдей едім,

Күнге қарап көктемде күлген едім,

Бүгін мүлдем өзгеше күйге енемін, шіркін!

Жайқалады гүлзары көнілімнің,

Мен қазақтың  қызымын, келінімін,

Мен елімнің ертеңгі сенімімін, мүмкін!

Жаңаша боп туады жанған күнім,

Аспанында арманның самғап жүрмін,

Ақ некелі жарыма арнаулымын мәңгі.

Жарық қылам жер бетін нұр-сәулемен,

Қырық шырақтан құралған құрсау денем,

Бесігімді тербетем шырқауменен әнді.

Мен - әйелмін, әлемнің анасымын,

Үміт жеңген кей-кезде жан ашуын,

Күлкісі – күн, тәні – нұр, санасы – мұң, менмін.

Нәзікпін мен, сол үшін айыптымын,

Ғажап түске боядым ғайып түнін,

Не десең де бақытқа лайықтымын, сенгін.

 

Гармония

Күн батты.

Ақшам уақыты.

Кеудемді күй кернесін кеп!

Күй тыңдап, мен жылап тұрмын

“Әрқашан Күн сөнбесін…” деп.

Күннен Сен жақынсың, Раббым!

Күнді де жарық қылған – Сен!

Бәлкім, Сен – ақынсың, Раббым?

Жерді де ғаріп қылған – Сен.

Мәңгілік Күнді айналдырып,

Кете алмас ғашық еткен Сен,

Біздерге, төзе алмас ек-ау,

Осындай қасірет берсең!…

Жер беті – ғаламат майдан,

Сен ғана сақтаған жанын,

Майданға аттанған(дар)дың…

Жер беті – мұң менен қайғың…

Қайғымды азайтшы, Раббым!

Түннен соң таңыңды атыр,

Күніңмен жылыта бер де,

Бір саған тәуелді пақыр

Пендеңді ұмыта көрме!

Бұл әлем шектелмес Жермен,

Жердегі ғұмыр бір – фәни…

Шын әлем – Сен сыйған кеудем,

Шын әлем – Сен сүйген нәби!

Күн батты.

Ақшам уақыты.

Жас болып тамдым сағаттан…

Шын  әлем – екеуміз, ЖАНЫМ!

Әлемді БІЗден жаратқан…

Назира Бердалы

 

Сүйген жүрек

Әнін жазғандар: Марат Мәліков пен Павел Ли

Сөзін жазған: Нәзира Бердалы

Орындаушы: Мәдина Сәдуақасова

Сүйген жүрек -өмірдегі тірек,

Күні-түні соғар

Саған бақыт тілеп.

Сүйген жүрек - сағынған, жылаған

Жүрсін деп дін-аман

Тәңірден сұраған.

Сүйген сенің жүрегім,

Мен де мұны білемін!

Әмір жүрмес ғашық жүрекке,

Аймалашы аяулап,

Жан сезімім арай бақ,

Бұдан асқан бақыт керек пе,

Аңсап сені сүйген жүрекке?

Сүйген жүрек -

Бір саған асыққан.

Ол үшін ғұмыр - мұң,

Ол үшін күн - думан.

Сүйген жүрек -

Таусылмас асыл ән

Сол сүйген жүректі

Мен саған ұсынам...

 

Ана

Бағланды жеке сойдырған,

Жағланға киім толдырған

Өрешеден алып дәмдісін

Алдыңа әкеп қойдырған

Осынау жалған дүниеде

Анадан жомарт бар ма екен?

Күлтелі көйлек кигізген,

Қымқапқа қолың тигізген

Бергекке басың жеткенше

Шашыңды талдап түйгізген

Бегімсал бермес ешқашан

Анадан шебер бар ма екен?

Мінгізіп сәурік жорғадан,

Барыстай алан қорғаған

Сен үшін жаумен алысып,

Сен үшін жылап, сорлаған

Балапан басқан шәулідей

Анадан батыр бар ма екен?

Енгенде үйің рауланған,

Басына жаулық байланған

Бекпатша сабыр иесі,

Мейірімінен көңіл жайланған

Қараған адам таң қалған

Анадан сұлу бар ма екен?

Сен үшін қазір айнамын

Жастықтың қайда қалғанын

Өзіме қарап өлшедің,

Көзіңнен орын сайладың.

Қолымды, ана, бір-ақ рет

Қолбаумен ғана байладың.

Қобызға тиген қияқтай,

Сыңсиды жаным, бірақ та-ай!

Жалғанның бүкіл жақсысы

Жетпейтін саған сияқты-ай!

Теңедің алуа, шекерге

Өмірге келіп бекерге

Қадіріңді сенің ұға алмай

Бекерге одан кетем бе?...

Мың түн жыр жазсам,

Сен күткен бір түнге,

Ана, жетер ме?...

Назира Бердалы

 

 

Пікірлер

  • Сандугаш
    Нурлан Албанмен араласып турады ма екен?
  • Дана
    Сәбиінің бауы берік болсын.
  • атыраулық
    Нағыз ана бақытына лайықты жан. Өте қуаныштымын. Бауы берик болсын сабидин
  • Akbota
    Керемет!Сəбидің бауы берік болсын! Нəзираны жақсы көремін, өлеңдерін сүйіп оқимын! Шаңырағы шаттыққа толы болғай!

Пікір жазу