Гостиницы в Алматы
2014-12-22 15:19:41 3194 7

Нұрлан Еспанов: "Жаңа жылдан кейін телевизияны мүлдем қоямын деп өзіме уәде бердім"

Нұрлан Еспанов - әнші, сазгер:

"Жаңа жылдан кейін телевизияны мүлдем қоямын деп өзіме уәде бердім..."

— Нұрлан аға, келесі жылдан бастап тек қана ән айтамын, ешқандай бағдарлама жүргізбеймін деп отыр екенсіз. Мұндай шешім қабылдауыңызға не себеп болды?

- Осы ән әлемінде жүрген достарымның бәрі композитор, әнші достарым маған тиісіп кетті «Нұрлан сен баяғыда жақсы әнші едің, "Жас қанатқа" қатыстың, көптеген ән байқауларға шықтың. Қазір сені ән бағытынан жоғалтып алдық қой. Сен қойсайшы енді, журналистерге, жүргізушілерге кішкене жолыңды беріп, ән бағытына өтсей» дегеннен кейін, мен қатты ойланып қалдым, қатты тигізіп айтты маған. Содан, ендігі жылы тек қана әншілігімді насихаттасам ба деген ойға келдім.

- Яғни сіз, келесі жылдан бастап мүлдем телевизиялық бағдарлама жүргізбейсіз, тек қана ән айтасыз, солай ма?

- Енді сол шешімді қабылдамас бұрын қазір ойланып жүрмін. Маған солай айтылып жатыр да, мен бірақ өзім уәде беріп қойдым. Маған бір қолдау көрсететін кәсіпкер таныстарым "Нұрлан, саған екі бейнебаян түсіріп берсек, бағдарламаларға бара беруді қоясың ба?" деді. Мен келістім. Уәде бойынша 2 клип те жаңа жылға дейін түсірілу керек болған. Бірақ әлі біреуін де бастаған жоқпыз. Бірақ, енді кім біледі, қалталы азаматтар бір күнде-ақ түсіріп береді ғой. Мен дайынмын. Сол екі бейнебаянды бірден түсіріп беретін болса, жаңа жылдан кейін өзіме телевизияны мүлдем қоямын деп уәде бердім. Тек әншілігімді насихаттаймын, түсірілімге тек ән айтуға барамын.

- Сізбен сұхбаттасатыным туралы Фейсбуктегі парақшамда жазғанмын. Енді, сол әлеуметтік желі қолданушыларынан келген сұрақтарға кезек бергім келіп отыр. Рұқсат болса оқып берейін: "Неге мыжи береді? Әзіл. Неге жүргізуші атанып жүр? Өзін соған лайықтымын деп есептейді ме? Неге жасанды күледі? Шоу-бизнестегі біраз адамды жан жолдасым дейді, жолдастығын ішінде сақтауға болмайды ма? Осындай қылықтарымен халықты мезі қылғанын өзі сезеді ме ? Қуантқан Кенжеғұлов"

- Мен осы Қуантқанға айтқым келеді, өзі телеарнаға шықпаған адам ғой. Көлеңкеде отырып алып сөйлей берген дұрыс емес деп ойлаймын. Сен телеарнаға келіп, үндемей отыра алмайсың, үндемей отырсаң сені ол жерге шақырмайды да. Сенің бір жеке бағытың болмаса, айтатын ойың болмаса, сен телеарнаға да керек емессің. Оны журналистер жақсы біледі. Ал, Жанатбек менен бір жас кіші, ол менің інім. Мен өзімнің ауылымнан шыққан адамды жан досым деп айтам ба, жан жолдасым деп айтам ба өзім білемін. Мысалы, Асхат сені де інім деп айта алам негізі, өйткені сен менің інімсің. Жүргізушілер де, өнер адамдарын да өзіндік стиль болу керек. Сөйлеу мәнерім, күлкім өзімдікі. Мен жасанды күлмеймін. Өзімнің құдай берген күлкім осы. Қуантқан бауырыма айтатыным, кішкене ойланып сөйлеген дұрыс, кез-келген нәрсенің мәдениеті бар, телевизияның да, журналистиканың да өзінің мәдениеті бар.

- "Нұрлан Жанай: Неге жасы келсе де жастардың арасынан шықпайды?» деп жазыпты. Жасыңыз нешеде жалпы?

- Жасым 41-де. Мен жастарға барып жабыспаймын, жастар мені өздері шақырады. Нұреке келіңізші, сізбен қызық, сіз әңгімеңізді айтыңызшы деп. Мен жастардан маған ұят емес пе деп сұраймын, ақымақ емеспін ғой. Олар «Нұреке, біз жауап береміз кейін бірдеңе болса. Сізбен қызық, айтарыңыз көп, бізге бағыт-бағдар бересіз» деп қоймай тұрып алған соң барамын.

- "Арман Сқабылұлы: Еспанов бәрін біледі.

"Мен осы телевизия саласында жиырма жылдан астам уақыттан бері жүрмін..."

"Жүргізуші болу үшін түр керек қой..."

"Қайсы мықты журналистерің? Көрсетіңдерші!"

"Әншілер емес, журналистер туралы сауалнама жүргізіңіздерші! Оларды кім таниды екен?"

"Мен кез келген бағдарламаны-ток шоуды, тіпті жаңалықтарды да жүргізе беремін..."

"Әңгіменің ашығы" бағдарламасында қарсы алдына "мүйізі қарағайдай" журфактың екі оқытушысын отырғызып қойып Нұрлан Еспанов осылай деді...!"

- Негізі сол кісілерден сұрау керек оны, ол кісілер маған разы болып кетті негізі (ток шоуға қатысқан оқытушылар жайлы). Менің айтқанымды қолдап, сен дұрыс айттың деп кетті маған. Арман Сқабылұлының сындарын жиі естимін. Танымаймын, шыны керек танығым да келмейді. Менен мүмкін жасы үлкен де шығар. Мен де жететін жеріме жетіп қойған азаматпын ғой. Бірақ мен бәрін білем деп айтқан жоқпын. Мен тек қана ақиқатты айттым. Ол жерде журналисттерді де жамандаған жоқпын. Жүргізушілікке тиіскен мүлдем бөлек адам. Ол кісінің өзі не айтқанын білмей қалды. Сөйтіп мен оған нүктесін қойып бердім. Ал, қасымдағы кісілер мені қолдап отырды.

- "Динара Әбдірайымова: Толқын Забирова мен Нұрлан Еспановтың арасында болған дау-дамай туралы не айтады екен?"

Мен сол эфирді көрдім, сіз Серовты салдыңыз, Толқын ханымның тарапынан образды жасай алмадың дегендей пікір айтылды. Соңынан сіз оған ренжіп, Толқын ханымның сынына көңіліңіз толмай сахнадан кетіп қалдыңыз, кешірім де сұраған жоқсыз ...

- Сын түзелмей, мін түзелмейді ғой. Ол жерде Толқын ханым жеке маған тиісіп кетті, образға тиіссе ренжімес едім. Оның үстіне сайыс барысында қазақтың біраз өнерпазын танымайтындығын айтып ашуға тиді. Қылығым үшін көрермендерден, оқырмандардан, тыңдармандардан кешірім сұраймын. Бірақ, мен өзімнің істегенімді дұрыс деп есептеймін. Мен қазақ өнеріне жаным ашығаннан кейін, қазақ шоу-бизнесінде жүргеннен кейін сондай нәрсе жасадым. Көрермен алғашында түсінбей қалды, мәселенің мән-жайын менен ешкім сұраған жоқ. Бас салып мені жамандай кетті бәрі. Бұл жерде кім жақсы, кім жаман екенін бір Алла біледі.

- Кәусар Арықханқызы: «Жалпы Нұрлан Еспановта намыс бар ма? Намыс бар болса ел алдында көп жыртыңдамай, көп сынға ұшырамай жүрсе. Соны өзі ұят санамайды ма екен?» дейді

- Мен шешініп алып еш жерге шығып жатқан жоқпын ғой негізі, қалай, ұят санамайды ма екен? Жыртыңдау деген сөзді түсіндіріп беріңізші, соны мен түсінбедім? Жыртыңдау деген сөз ол қыздарға қатысты айтылады. Бұл қыз қателеседі. Қалай жүреміз енді? Мен осы қыздан сұрайын деп едім, былай жүріңізші былай жүріңізші деп жазып жіберсін мен солай жүріп көрейін. Болмаса үйде тығылып отырайын ешқайда шықпай, мен туралы ешкім ешнәрсе айтпасын, мен сахнаға мүлдем шығуды қояйын.

- Сіз қоғамдық пікірмен қаншалықты санасыз? Қаншалықты ол сізге әсер етеді? Әлде әсер етпейді ме?

- Мен қоғамдық пікірмен келісемін, неге келіспеймін. Дұрыс пікір болса, мен тыңдаймын. Дұрыс емес пікір болса тыңдамаймын. Осы жақында қатты ашуланып кеткенім соншалықты, "маған Қазақстанда бір-ақ адамның пікірі әсер етеді" деп айтып жібердім. Оның кім екенін өздеріңіз білесіздер - Елбасы.

- "Айгүл Болатханқызы: Эфирге жылтыңдап шыға берген жалықтырмады ма екен? Мақпал апайдың эфирден қиылып жатқанына әріптесі ретінде қалай қарайды?»

- Менің жаным қынжылады негізі. Мақпал апай эфирден қиылып кетсе де, қазақтың жүрегінен қиылмайды ол кісі. Қазақтың арасында өзінің 100 пайыз тыңдарманы бар, қазақтың жүрегіне 100 пайыз кіріп кеткен азаматшаларымыздың бірі ғой. Сондай Мақпал апайды эфирге шығармай қою деген ол ұят нәрсе. Ол өзін дәлелдеп қойған азаматша ғой.

- Сіздер енді мәдениет қайраткерлері, халық әртістері бар неге осы мәселені көтермейсіздер? Әлде қорқасыздар ма?

- Қорқасыздар ма емес, оны алып келіп ұсынатын белгілі бір адам жоқ, қазір енді уақытқа байланысты ешкім ешкімді көрмейтін заман болып кетті ғой.

- Күнде Инстаграмнан суреттеріңізді көріп отырамыз, өнер адамдары бәріңіз бірге сияқтысыздар?

- Жоқ, біз тек қана той-томалақта, концертте кездесіп қаламыз, бірақ осы ойды қозғайтын адам жоқ. Осымен айналысатын, осы ойдың мәдениетін білетін адам жоқ та қазір. Келіп айтса, Нұреке мынандай болып жатыр еді деп, мүмкін көрер ме едік енді бізді тыңдайтын адам болса. Қазір көп шықсақ да ұнатпайды, енді ол туралы айтып шықсақ, мына Нұрекеңдерге не жоқ деп айтатындар да табылады да. Бұл кісілерге жағу қиын болды қазір. Қазір енді жақсы айтатын адам қалмаған сияқты енді. Нағыз жанашырлар болса, біз қарсы емеспіз жалпы.

- Фейсбуктағы сұрақтардың дені осы...

- Білем ғой енді, көп жамандағандарды оқығың да келмей отырған шығар. Үйде отырып алып, өзін ақылды санайтындар көбейіп кетті ғой. Өзінің ойын жарыққа шығара алмаған, өз-өзін сүйрей алмаған, өз өмірін құра алмаған адам ғой. Өзіне өзін дәлелдей алмаған адам, халыққа ештеңе дәлелдей алмайды деп ойлаймын. Мен ештеңені жүрегімде, ойымда сақтап қала алмаймын, бірнәрсе ойладым ба соны шығаруым керек. Соны айтуым керек, бағдарламаға баруым керек, мен эфирдің адамымын, мен телеарнаға шықпасам ауырамын. Және де менің анам мені телеарнадан көргенді жақсы көреді. Кейде анам үшін барамын болатынға да, болмайтынға да. Анам үйде отырып, баласын көріп рахаттанып отырсыншы деп барамын.

- Кейбір бағдарламаларға барып, соңынан өкініп қалмайсыз ба?

- Өкінемін. Ондай сәттер болып тұрады.

- "Жұлдызды додаға" қатысқаныңызға өкінесіз бе?

- Қалай айтсам болады, 50/50.

- Осы жобада сіз әйелдің образын салдыңыз ба?

- Салдым, Жеңіс Ысқақованы.

- Жалпы осы ер адамның әйел кісінің киімін киіп, образын сомдауы жайлы қарсы сын айтып жатқандар көп. Сіз не дейсіз?

- Бұл образ ғой. Бұл әншінің образы. Мен сол киімді көшеде киіп алып жүрсем, айтсын. Мен әйелдің киімін киіп алып, көшеде жүрген жоқпын ғой.

- Бірақ, көшеге қарағанда эфирден көбірек көреді ғой сізді?

- Бірақ эфирде мен өзім болып шыққан жоқпын ғой, қыздың киімін кидім де сол кісі болып шықтым ғой. Сол әншінің образын сомдадым, мен сонымен ғана жаным тынышталады. Бірақ мен өз басым бала-шағасы бар адаммын ғой енді. Бізге тапсырма берілді, біз орындауымыз керек. Бізден талап етеді соны. Біз барып алып, мен жұлдызбын, мынаны айтпаймын, мынаны істемеймін деген болмайды ол. Мен бір-ақ образ алдым, сол Жеңіс Ысқақованы.

- Ұлыңыз қазір студент, қызыңыз да студент. Көп ұзамай құда боласыз, ұл-қызыңыз сондай образбен сахнаға шыққаныңызға қалай қарайды? Олар қаншалықты қолдайды?

- Достары көрдік деп айтыпты, бірақ маған ештеме демеді. Менің сол эфирге шыққандарымды, дода туралы үйдегілер көп айтпайды.

- Жігітке жеті өнер де аз дейді. Сіз ән шығарасыз, ән айтасыз, бағдарлама жүргізесіз, продюсерлік жасайсыз. Бірақ сонда да бәрібір адамның бір өнері барлығынан биік тұрады...

- Мен аспаздықты да оқыдым, музыкалық мектепті де бітірдім. Нұржамал Үсенбаева апайымыз екеуміз бір мектепті бітіргенбіз Шымкентте. Мен бала кезден музыкаға ғана жақынмын. Мен музыкада ғана 100 пайыз жүре аламын деп ойлаймын. Болмаса мен құқықтануды да бітірдім, Тұран университетінде экономист мамандығын да бітірдім. Көп оқуды оқыдым мен. Бірақ менің жанымның қалайтыны тек қана музыка. Осы музыкада 50 пайыз арманым орындалды деп ойлаймын. Жазғым келген әншілердің бәріне жаздым, телеарнаның бәріне гимн жаздым. Сосын жақында Айбек деген азаматқа бір шығарма жазып бердім «Тағдыр жолы» деген. Оны өзінің шығармашылық кешінде үлкен оркестрмен орындады. Сондай музыкадағы жетістіктеріммен ғана мақтана аламын. Басқа немен мақтанатынымды да білмеймін. Адамгершілік деп айтайын десем, жүргенің анау тұштаңдап дейді, жүргізушілік дейін десем, сенен қандай жүргізуші деп айтатындар табылайын деп тұр. Осы халықтан сұрауым керек еді, осы сен жазып қоясың-ау Асхат «Нұрлан Еспанов сізлерге ұнау үшін не істесін?» деп. Сонда мүмкін дұрыс ұсыныс түсетін шығар. Соның ішінде ұнаған нәрсе болса, мен сол ұсыныспен-ақ жүрейінші. Бірақ енді ол ұсыныспен жүрсем, менің бала-шағамды ешкім асырамайды ғой. Сіздер дұрыс түсініңіздер, бұл – біздің жұмысымыз, біз осымен бала-шағаны асырап жүрміз, сол айқаймен, сол оймен, сол эфирге шығумен бізді халық танып жатыр.

- Отбасылық шығын жайында 2-3 рет айтып қалдыңыз, құпия болмаса айына қанша теңге жаратасыздар?

- Теңге емес, доллар деп сұраңыз. Менің мойнымда 3 отбасы бар бар (өзінің, анасының үйі, інісінің отбасы), 8 мың АҚШ доллары маған 1 айға жетпейді. Оның үстіне қыздың, баланың оқуы бар.

- Түсінікті, сұхбатыңызға рахмет!

-Сіздерге де рахмет, артық кеткен жеріміз болса кешіріңіздер!



Сұхбаттасқан: Асхат Садырбай

Пікірлер

  • Сауле
    Асхаттың сұбхаттасқан адамдарға сен жайлы мынандай әңгіме бар деп айтуы ынғайсыз екен.Не бұл өсек -аяң айтатын жер ме сонда?Адам жанына тиетін сөздер айту,сұрақтар қою мәдениетсіздік !
  • Гульмира
    Адамның сөйлеу мәнері ,мінезі қандай болса,солай қабылдап оқиды екенсің.Мысалы мен Нурлан сияқты тез оқып шықтым.))).неге Нурланды жамандай берген,мен де онша ұнатпаушы едім,бірақ анам осы кісінің әндерін жақсы көреді.
  • салтанат
    Елдын бары Нурлан аганы терыс есекке мынгызып жиберген ба? Оз басыма унайды ол кысы. Шыгармашылыгы аса кызыктырмайды, дегенмен ол кысынын адамгершылыгы унайды. Бирде ток шоуда Асан Пердешовты елдын бары жерден алып жерге салып жатканда Нурлан ага мыкты далелдерымен созын сойлеп шыккан еды. Содан беры Нурлан Еспановты катты сыйлаймын.
  • Самал
    Дурыс,барлык аншилер жургизушиликтен,кинода артис болудан кетсе екен. Ар ким оз биігінде калу керек,оз нанын жеу керек.
  • Гүлнәр апай
    Нұрлан балам, Мен сенің жанкүйер апаңмын. Саған айтар ақылым, адамдардың сөзіне мән берме! "Ит үреді, керуен өтеді"! Қолдарынан түк келмейтін, тілімен жүретін адамдар ғой ОЛАР! Сен адал еңбегіңмен халыққа танылып жүрген азаматсың. Сенің қолыңнан барлығы келеді. Сол өнерлеріңді тастама! Берілме! Тек АЛҒА! СӘТТІЛІК!
  • Aigerim
    Маган унайды Еспанов баска адамдарга уксамайды
  • Erko
    Nureke erledin. oz oind awik aittin.Oganda rahmet.Kazak woy biznesine sizdei azamattar kerek

Пікір жазу