Гостиницы в Алматы
2015-04-24 10:49:14 1917 4

Желтоқсан туралы танымал үш шығарманың бірі -  менің пьесам

Серік Асылбекұлы — қазаққа танымал белгілі драматург. Оның театр сахнасында қойылған «Рәбиғаның махаббаты», «Желтоқсан желі», «Күзгі романс», «Империядағы кеш»  деп аталатын спектакльдері көрермен ықыласына бөленді. Осы орайда, драматург С.Асылбекұлымен өткізген сұхбатымызды ұсынамыз.

- Серік Асылбекұлы, драматургияға қалай келдіңіз? Әдебиеттегі ұстазыңыз кім?

- Шын ұстаз дәріс беруі мүмкін, сабақ бермей де үйретуі мүмкін. Мысалы, мен Антон Чеховты, Бейімбет Майлинді, Эрнест Хемингуэйді, Мұтар Әуезовты көрген жоқпын, бірақ ұстазым деп есептеймін, өйткені олардың шығармаларын оқыдым, сол арқылы әдебиет дейтін көркем әлемнің не екенін, образдарды, адамдардың характерлерін қалай жасау керек екенін түсіндім. Сондықтан да жазушылық жолдағы тікелей ұстазым Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Антон Павлович Чехов, Эрнест Хемингуэй және Шығыс Айтматовты өзімнің алғашқы әдебиеттегі ұстаздарым деп есептеймін. Олардың шығармалары − мені осы әдебиет деген әлемге жетелеп алып келген күш. Ал менің ең алғашқы драматургиялық шығармам 1991 жылы жазылған, 1992 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Рабиғаның махаббаты» деген атпен қойылды. Бір күні түсте үйде отырсам, сол кездегі ең атақты режиссерлердің бірі Райымбек Сейтметов ағамыз қоңырау шалды. Екеуіміз бұрын таныс емес едік, ол кісі менің пьесамды оқып, ұнатып, Ғабит Мүсірепов атындағы театрда қоймақшы ойлары бар екенін айтты. Пьесамды алдында Мәдениет министрлігіне өткізген болатынмын. Ол кезде репертуарлық редакциялық коллегия деген бар еді, заң бойынша әуелі сол сараптамадан өтуі керек. Менің пьесам бұл баспалдақтан өтіп, жақсы бағасын алғанмен, тартпада жатады, өйткені сахнада қойылу үшін бір режиссер ұнатуы керек. Сол аралықта сәтін салып, Райымбек Сейтметов ағамыздың қолына түседі. Бұл − ол кісінің әрі режиссер, әрі театрдың директоры қызметін атқарып жүрген шағы. Ол ағамыз қайтыс болып кетті. Бұл пьесаны жас режиссер Нұрқанат Жақыпбай қойды.

- «Бір түнгі оқиға» атты пьесаңыз 1998 жылы Тараз қаласындағы фестивальде бас жүлде алыпты. Аталған пьеса театрларда қойылып жатыр ма?

— «Бір түнгі оқиға» атты пьесам, орысша «Хроника одной ночи» қазір «Желтоқсан желі» деген атпен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылып жүр. Оны қойған − қазақтың белгілі театр режиссері әрі кино актер Мұрат Ақманов.  Сонымен бірге Қарағандыда Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрында, Ақтөбеде Тахауи Ахтанов атындағы драма театрында қойылып жүр. Ол 1998 жылы Республикалық театр фестивалінде бас жүлде алғанда, қазылар алқасының төрағасы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов еді. Ал қойылар алдында театр басшылығы пьеса атын «Бір түнгі оқиға» демей, көрермендерге түсінікті болу үшін атақты 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасындағы жастардың қаһармандығы туралы болғандықтан, «Желтоқсан желі» деп атайық деген ұсыныс айтты. Алғашқы кезде қарсы болдым, өйткені, сол кезде Әбиірбек Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» деп аталатын әні бар еді. Бірақ театр директоры мен режиссерлері айтқаннан кейін бұл кісілер де бірдеме білетін шығар деп келісім бердім.

- «Желтоқсан желі» қалай жазылды? Сізде 1986 жылы алаңға шықтыңыз ба? 

- 1986 жылғы қазіргі орталық алаңда  екі күн болған қазақ жастарының көтерілісіне қатыстым. Жиырма-отыз мыңдай қазақ қатысты. Қазақстанды басқарудағы Колбин дейтін орысты Ресейден алып келгеніне қарсылық ретінде, яғни Қазақстанды неге өзіміздің қазақ басқармайды? «Басқа Республикалардан сорлымыз ба?» деген намыс жастарды орталық алаңға алып шықты. Сол уақытта мысалы, Өзбекстан Республикасының бірінші хатшысы − өзбек, Литванікі − литван, Латыштардікі − латыш, тек қана Қазақстанды менсінбей басқа ұлттың өкілін алып келді. Бұл оқиғаға бастан-аяқ қатыстым, сонда алған әсерлерім, өзімнің көзбен көрген дүниелерімді жаздым. Бірақ театрда режиссерлік шешім, көркемдік қиял деген болады. Образдарды жетілдіру үшін, оны кондициясына жеткізу үшін кейбір  оқиғаларды жазушы, драматург ретінде ойдан шығаруға қақым бар, бірақ негізі болған оқиға желісімен жазылған. Жуырда интернеттен көрдім, Желтоқсан туралы Қазаққа танымал болған үш шығарма бар екен: әнші, композитор Әбиірбек Тінәлиев «Желтоқсан желі», режиссер Қалдыбай Әбенов «Аллажар» фильмі, үшіншісі менің пьесам екен. Қазір жұрттың аузына ілініп, айтылып, орындалып жүрген осы үш көркем шығарманы білемін.

- М.Әуезов театрында «Империядағы кеш» деген спектакліңіз жүріп жатыр. Бұл шығарманы қай режиссер сахналады?

- Мен халық-ағарту, білім беру саласында істеймін. 2001 жылдан бері  он үш жыл болды, жоғары оқу орындары жүйесінде қызмет етіп жүргеніме. Әртүрлі қызмет істедім, аға оқытушы, доцент, профессор болдым. Университеттегі адамдардың, ұстаздардың мінез-құлқын, әдет-салтын, өмірлік ұстанымдарын біраз білетіндей тәжірибем бар, сол негізде жаздым. Бұл пьесаның бастапқы аты «Империядағы туған күн кеші» болатын. Империя – ресторан аты. Сол ресторанның қожайыны Айдар деген мырзаның туған күн кеші. Оның жақын достары, туысқандары жиналады, оқиға сөйтіп басталады. Көркемдік жетекшісі, директоры Есмұқан ағамыз «Империядағы кеш» деп алайық деді, мен келістім. Оны қойған өте талантты режиссерлердің бірі − Алма Кәкішева.

- Қазір қазақ драматургиясында жаңашылдық жоқ немесе заман талабына сай емес деген пікірлер жиі айтылады. Бұған қалай қарайсыз?

- Сынның болғаны дұрыс, «сын шын болсын» деп Мұхтар Әуезов айтпақшы, сынның шын болуы сын жазған адамның білім деңгейіне, эстетикалық өресіне байланысты. Бірақ сынды театрдың, драматургияның бүге-шүгесін білетін кәсіпқой маман жазатын болса, әрине, құлаққа құйымды. Кейде театр саласын жетік білмейтін адамдар да сын айтып жатады… Сондықтан қандай сынның бәрі ақиқат деп ойлау қате. Бірақ кәсіби деңгейде жоғары жазылған сындар да ұшырасып жатады. Қазіргі қазақ драматургиясында еңбектерді дүниежүзілік театр өнерінің қойылу талаптарына сәйкес келмейді деп айта алмас едім. Мысалы, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған Антон Чеховтың «Апалы-сіңілі үшеу» деген қойылымын көрдім. Ол пьеса өте жоғары деңгейде қойылған деп есептеймін. Көркемдік деңгейі Мәскеудегі Чехов атындағы академиялық драма театры деңгейінен кем емес. Актерлердің ойнау шеберлігі де, режиссерлік шешімі де, декорация да, музыкалық көркемделу де, жалпы бүкіл эстетикалық деңгейі әлемге әйгілі театрлардың көркемдік деңгейінен кем емес. Жасырып-жабатыны жоқ, қазақ театрларының репертуарында нашарлау спектакльдер де бар. Өмірде бәрі бірдей жүзден жүйірік, мыңнан тұлпар бола бермейді, біреу осалдау, біреуі мықты болады. Қазақ драма театрларында қойылып жатқан шығармалардың бәрі шедевр деп айта алмаймын.

Құдайға шүкір, менің спектакльдеріме өнертанушылар да, өнер тақырыбында жазып жүрген журналистер де қазақ, орыс тілдерінде газет бетінде біраз рецензиялар жазды. Менің бір пьесам Қырғызстанда да Оштағы Ибрагимов атындағы қырғыз ұлттық драма театрында қойылып жатыр. Қырғызстандағы опера және балет театрының режиссері Қырғызстанның халық әртісі сол елдегі менің пьесаларымның режиссері Офелия Еркимбаева тарапынан да біраз жақсы  пікірлер айтылды. «Егемен Қазақстанда» Айнаш Есали −  Республикаға танымал өнертанушы журналист, Мақпал Жұмабай − жастардың сүйікті ақыны әрі өнертанушы және «Вечерний Алматы»  газетінде  де пікірлер жазылды.

- Драматург ретінде ойынын сүйіп тамашалайтын актелеріңіз бар ма? 

- Мықты актерлер бар, жастарда да таланттылар бар, оларға әрине біраз тәжірибе жинау керек. Негізі бізде кино өнерінде де, театр өнерінде де актерлік мектеп қалыптасқан. Сонау Шәкен Айманов, Серәлі Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Нұрмұхан Жантөриндер негізін салып кеткен актерлік мектеп бар. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында актерлік шеберлік дейтін мамандықта да Қазақстанның белгілі актерлері, театр мамандары сабақ береді. Менің сүйікті актерім: Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Дулыға Ақмолда, Дархан Мұсаев, Сания Ерзат, Айгүл Иманбаева, Лидия Каденова, Ерлан Біләл, Гүлжәмила Қазақбаева, Нұржан Бексұлтанова, Бақтияр Қожа, Анар Бөкенбай, Рита Күмісқалиева, Руслан Сенкебаев, Асылхан Төлепов т.б.  Италияның әйгілі кино режиссері Федерико Феллини: «Сіз актерлерді қалай таңдайсыз?» деген журналистің сұрағына: «Мен актерлерді көздеріне қарап таңдаймын. Мықты, талантты актерлердің көздері сөйлеп тұрады», − деп жауап береді. Үнсіз отырғанда да іштегі қайғысы да, шаттығы да, дүниеге көзқарасы да шарадай мөлдіреген жанарынан көрініп тұратын табиғатынан текті, дегдар жаратылған, өте білімді актерлер болады. Мен атын атап отырған актерлер де сондай таланттар. Бізде мынандай бір жаман ұғым қалыптасқан: режиссерлер, драматургтер білімді болса болды, ал актерлерге білім онша қажеті жоқ, құдай берген дарын болса жетеді деген. Бұл дұрыс емес. Актер философ болуы керек. Ол философиядан, өз халқының әдебиеті мен тарихынан хабары мол, аса интеллектуалды адам болуы керек. Сондай интеллектуал актерлердің ғана көздері сөйлеп тұрады. Ал енді басында түк жоқ адамның көзі қалай сөйлейді?…

- Жас драматургтердің шығармашылық қуаты қандай? Өзіңіз шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?

- Мен университетте сабақ бергендіктен, ондай мүмкіншілік болса, талантты жас шықса, ықыластана тегін сабақ берер едім. Бірақ, драматургтік талант өте сирек кездеседі. Менің өз басыма шәкірттердің арасынан ондай көп кездесе қоймады. Кездессе, тәрбиелер едім. Ал қазір мынау шәкіртім деп айта алмаймын. Шәкіртке міндетті түрде сабақ беру керек деген сөз емес, мен Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезовты өзімнің ұстазым деп отырмын ғой, алайда ол кісілерді көрген жоқпын. Ал олар маған қалай ұстаз болды: өзінің шығармалары арқылы. Егер менің пьесаларымды оқып: «Осы кісінің пьесалары үлгі болуға жарайды екен, сол кісіден кейбір нәрселерді үйренуге болады екен» дейтін жас драматургтер табылып жатса, мені ұстазым деп есептесе, онда бір жөн. Мен «менің шәкіртім» деп драматургтердің ішінен айта алмаймын, олар өздері таңдайды.

- Театрға жиі барасыз ба? Өз спектакльдеріңізді қалдырмай көріп тұратын шығарсыз. Қазіргі қазақ көрерменнің талғамы жайлы қандай ойдасыз?  

- Өз спектакльдеріме үнемі барып тұрамын деп айта алмаймын. Алғашқы кезде премьера болғанда екі-үш реттен барамын, көремін. Онан кейін арада екі-үш  жыл өткеннен кейін қалай болып жатыр екен деп көретінім бар. Әрине, театрға барып тұрамын. Алматыда үлкен театр қауымдастығы бар: Мұхтар Әуезов атындағы Академиялық драма театр, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Михаил Лермонтов атындағы орыс драма театры т.б. Талғамға талас жоқ дегендей, әр көрерменде − әртүрлі талғам. Ол да заңды. Көрерменнің талғамын тәрбиелейтін − өнер, театр, кино. Егер қазақтың киносы, театр өнерінде қойылған шығармалар биік көркемдік деңгейде болса, көрермендер де бірте-бірте сол деңгейге көтеріледі. Театр көрермендердің деңгейіне түсіп кетпеуі керек, қайта екі адым болса да алда жүріп, оларды соңынан ертіп, эстетикалық талғамдарын тәрбиелеуге, көтеруге тиіс.

- Қазақстандағы өзге ұлт театрлары қазақ драматургтерінің пьесаларын қойып жүр ме? 

- Өкінішке орай, басқа ұлттық театрда бірлі-жарым көрінеді, бірақ қойылмайды десек те болады, әсіресе, орыс драма театрлары. Лермонтов атындағы орыс драма театры қазақ драматургтерінің спектекльдерін қоймайды. Қазақ драматургиясы ондай деңгейге көтерілген жоқ деп есептей ме? Түсіне алмадым. Бірақ, ресейліктер қазақ драматургтерінің шығармаларын, мысалы Дулат Исабековтың пьесалары Санкт Петербургте де, Лондонда да қойылды. Бішкекте, Тәшкентте, тағыда басқа мемлекеттердің астаналарында қойылып жатыр. Қазақ халқы толерантты боламыз деп, көбінесе өзімізді сыйлата алмайтын жалпақтаулау халықпыз ғой, талап қоя алмаймыз, жасқаншақпыз, біздің сондай халық екенімізді біліп менсінбей ме, бірлі-жарымы болмаса, көбі қазақ драматургтерінің шығармаларын қоймайды. Ал біздің қазақ театрлары орыстың драматургтерінің шығармаларын кеңінен қояды…

- Алдағы уақытта орындауға ұмтылып жүрген қандай шығармашылық жоспарларыңыз бар?

- Менің ойымда бір-екі сюжет бар, бірақ піспеген. Сол себепті пісіп, жетілмеген  нәрсені айтпай-ақ қояйын. Егер пісіп, жетіліп жатса, көреміз. Өткен жылы бір киносценарий жазып тапсырдым, қалай болатыны − ертеңгі күннің еншісінде.

- Сұхбатыңызға рахмет.

 Мөлдір БЕКЖАН, Абай атындағы ҚазҰПУ студенті

Пікірлер

  • Зауре Акыметканкызы
    Серік Асылбекұлы қазіргі қазақ әдебиетіндегі проза жанрының нағыз майталман шебері
  • Гүлжанат Оразбекова
    Жаксы сұхбат!
  • Арай
    Ияяяяя, ескі спектакльдерді қоя бергенше, халыққа жаңалық керек. Мысалы, қоғамдығы көкек аналар, алқаштар, наркотик, жұмыссыздар... мәселен Империядағы кеште ЖОО кемшіліктер ашық айтылған.
  • Малика
    Серік Асылбекұлы менің ұстазым.Алдындағы көзі мөлдіреген шәкіртіне өте тиянақты қылып, ұғынықты етіп дәріс түсіндіру екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Тіпті әдебиет әлемі дегенді ағайға дейін дұрыс түсінбеппін де...

Пікір жазу