Гостиницы в Алматы
2016-02-28 13:28:46 2512 1

Өнер әлеміндегі үлгілі отбасылар

Сахна жұлдыздарының жеке өмірі жұрт арасында жиі талқыланады. Олар махаббатқа тұрақсыз , сезімді бағалай алмайды деген пікірлер де көп айтылады. Алайда өнер әлемінің айдынында аққудай қатар жүзіп, жарасымды жұп кұрып, сахнаға да, отбасына да үлгеріп жүрген мерейлі отбасылар бар. Назарларыңызға сол жұптар жайлы қызыкты деректерді ұсынамыз.

Ескендір-Дарико Хасанғалиевтер

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің жары Дарико ханымға махаббаты ерекше. Өнерде жүрген жас Ескендір ғашығын 1970 жылы Қарағанды облысына концерт беруге барған кезінде жолықтырған.  Концерт кезінде алдыңғы қатарда отырған көзі тостағандай өзі аппақ қызды ұнатып, әндерінің барлығын сол қызға арнап орындап шығады. Кеш аяқталған соң, Ескендір аппақ қызбен танысады, бірақ Дарико Мәскеуге оқуына кетеді. Араға үш жыл салып, таныстары арқылы Дарико деген дәрігер қыз келіпті дегенді естіп, композитор сол ауруханаға барады. Міне, сол уақыттан басталған ғашық жыры әлі күнге дейін таусылған жоқ. Бүгінде ұлдары Біржаннан екі немере сүйіп, ардақты да бақытты ата-әже атанып отыр.

Ескендір Хасанғалиев бір сұхбатында: «Әдемі-ау», «Асыл арман», «Есіңе ал» әндерінің бәрі де, әри­не, осы жеңгелеріңе арналған. Одан кейін де Дарикоға арнап «Ескірмеген махаббат» деген ән жаздым. Өмір болған соң талай қиыншылықтар да болды. Біз сол қиыншылықтарды бірге жеңдік. Қуаныштарды бірге көрдік. Сыйластығымыз да, сезіміміз де суыған жоқ. Өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге болсын деп, осы күнге дейін қол ұстасып келе жатырмыз" -деп ағынан жарылды.

Қанат-Айткүл Құдайбергеновтер

Қанат-Айткүл Құдайбергеновтердің де отбасы бар қазаққа үлгі. Екеуі 1975-77 жылдары Алматыдағы "Қазақконцерт" бірлестігі жанындағы жастар эстрада-цирк студиясында бірге оқиды. Қанат профессор,күйші Құбыш Мұхитовтың класында, ал Айткүл Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің класынанда дәріс алған. Осылайша өнер екі жастың басын қосады.  Таланттарының арқасында екеуі қол ұстасып әлемнің түкпір-түкпірін шарлады.  Қанат пен Айткүл 3 бала мен 1 қыздың ата-анасы атанады. Ән мен жырдың ортасында тәрбиеленген балалары өнерден алыс кеткен жоқ. Ұлдары Ербол - күйші, домбырашы, ал әйелі Назгүл - қобызшы. Екінші ұлдары Айбол - күйші, әнші,сазгер, шертерші, ал Ерболат - қазақ эстрадасындағы жаңа бағыттағы әншілердің бірі, қыздары Салтанат өнер академиясының түлегі. Немерелері Құдайберген Салауат Ерболатұлы  – А.Жұбанов атындағы музыка мектептің фортепиано класында оқиды. Әкесі орындаған «Салтанат» әнін бұл күнде бала Салауат өз еншісіне алып, жаңа үлгімен, нақышына келтіре орындауда. Салауаттың осымен қатар «Әліппе», «Ақтөс» сынды жас бүлдіршіндерге қанат бітірер бірқатар әндеріне түсірілген жеке бейнеклиптері жарыққа шыққан. Ал Құдайберген Сағадат Айболұлы  -"Қарлығаштың құйрығы неге айыр" атты қазақ ертегісін, Абай, Ы.Алтынсарин, М.Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқиды.

 

Тоқтар Серік пен Бейбіт Сейдуалиева

Тоқтар мен Бейбіттің табысуы да өнермен тығыз байланысты. Тоқтар Бейбіттің алғаш ән орындағанын көргенде, қазақ эстрадасына дауысы да өзі де әдемі қыз келді деп қуанған. Ағалы-қарындас болып араласып жүргендіктен Тоқтарға сезімін білдіру оңай болмаған. Кейін дуэт жаздырып, сахнада бірге өнер көрсете бастады. Ол турал Тоқтар: "Содан соң, іле "қос дауыста ән шырқап көрсек қайтеді?" деп тағы да тілегімді білдірдім. Бейбіт ұсынысыма бірден келісті. Көп ұзамай үлкен сахнада қол ұстасып ән айттық. Сірә, өнерім де, өзім де ұнаған болуым керек, Бейбіт "тағы бір ән жаздырайық" деді… Осы қолқасының өзі біраз нәрсені аңғартады емес пе?!"- деп еске алады. 2007 жылы отбасын құрған Тоқтар мен Бейбіттің Беколжас есімді тұңғыштарынан кейін Алинұр мен Сағинұр атты егіз ұлдары бар.

 

Қанат пен Света Айтбаевтар

Қанат пен Света педагогикалық институттың бірі музыка, бірі филология факультетінде оқып жүргенде танысқан. Өнер айдынында бірге жүзіп келе жатқан жұптың үш бала тәрбиелеп отырған жайлары бар. Үлкен ұлдары Димаш Құдайберген де әнші. Ол 2012 жылғы «Жас Қанат» байқауының гран-при жүлдегері, 2012 жылы Украинаның Ялта қаласында өткен «Шығыс базары» халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алған. Сондай-ақ, 2015 жылы Витебскіде өткен "Славян базары" халықаралық ән фестивалінде де оған тең келген ешкім болмады.

Азат Сейтметов пен Данагүл Темірсұлтанова

Актерлер  Азат Сейітметов пен Данагүл Темірсұлтанова өнер жолында танысқан. Екеуі де М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында жұмыс істейді. Екі қыз бен бір ұлды дүниеге әкелген. Қыздары Айым Сейтметова ата-анасының жолын қуып актерлік қырынан танылып жүр. Ол "Астана" телеарнасынан көрсетілген "Жібек" сериалында басты рөлді сомдап, халыққа танылды.

Азамат Сатыбалды мен Назгүл Қарабалина

Азамат пен Назгүл актер мамандығында бірге оқыған. Ең бірінші таныстығымыз ұрыстан басталған. Екеуі бірін-бір мүлде ұнатпаған. Тек төртінші курста ғана бір қойылымнан махаббат туралы үзінді ойнап, сол кезде Назгүлге ғашық болып қалған. Бірте-бірте екеуінің сезімдері оянып, шаңырақ көтерген. Қазірде бір ұлдың ата-анасы.

Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаева

Рамазан аға мен Ұлту апай Алматыдағы эстрада-цирк студиясында оқып жүріп танысқан, отбасы құрғандарына 30 жылға жуықтаған. Рамазан Стамғазиев дәстүрлі әннің жоғын жоқтап жүрген азаматтардың бірі. Отбасыларында бір ұл, бір қыз өсіріп отыр. Ұлту апай баларының басы-қасында болып, олар біраз өскенде ғана өнер академиясының күндізгі бөлімін бітіріп, эстрадаға кейіннен ғана шықты. Рамазан ағаның айтуынша бұл отбасының ең кереметтілігі – қазақшылығында.

Мирас пен Құралай

Әнші жұптың таныстығы бірге ән айтудан басталған. Бірге жұмыс істегендіктен, бірін-бірі жақсы тани бастайды. Мінездерін ұнатып, үйленуге шешім қабылдайды. Өздерінің айтуынша, екеуін жұптастырған – жан аңсары, жүрек қалауы екен.  Өнерлі жұп төрт баланың ата-анасы.

Жазира мен Жанболат

Көп қазақтың жүрегін сазды әндерімен, қоңыр дауыстарымен жаулаған жұлдызды жұп. Екеуі алғаш жолыққанда Жазира 16 жаста болатын, содан бері өмірде де, өнерде де бірге. Екеуі жатақханада көрші бөлмеде тұрған, Жанболат әйтеуір бір сылтау тауып Жазира қыздармен тұратын бөлмеге барғыштай берген екен. Қол ұстасқан жұптың Қазыбек есімді ер жеткен ұлдары бар.

 

Бүркіт пен Аиша

Бүркіт жары Аишамен досының мерейтойында танысады. Аишаның биі мен келбетін ұнатып, Айбек сөз салады. Алайда Аиша Бүркітті онша ұната қоймаған. Уақыт өте келе Бүркіт қыз жүрегін жаулап, үйленуге ұсыныс жасайды. Олар 2010 жылы шаңырақ көтерді. Қазір Зейін, Омар есімді ұлдары бар.

 

Пікірлер

  • Нағима
    Қыдыр мен Қарақат неғып қаслып қойды екен?!

Пікір жазу