Гостиницы в Алматы
2017-01-05 11:15:58 1038 0

Қазақ хандығы туралы "Алмас қылыш" фильмі прокатқа шықты

5 қаңтардан бастап кинотеатрларда жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бойынша түсірілген «Қазақ елі» жобасының алғашқы бөлімі - «Алмас қылыш» фильмі көрсетіле бастады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фильм сценарийін жазған - Смағұл Елубай. Онда Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы негізге алынды. Режиссер Рүстем Әбдірашевтың айтуынша,  «Алмас қылышты» түсіруге екі жыл уақыт кеткен. Фильмді түсіру жұмыстарына мыңдаған адам тартылған.

Фильмнің түпнұсқасы толығымен қазақ тілінде, арасында жоңғар тілінде және солтүстік моңғол диалектісі бар. Прокатқа орыс тілді нұсқасы да әзірленді. «Бізде материалдың үлкен қоры жинақталды. Сондықтан фильмнің жалғасы міндетті түрде болады», - дейді Р.Әбдірашев. Тарихи жобаның авторы - Нұрсұлтан Назарбаев. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен түсірілген.

Бұған дейін «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі Астана мен Алматы қалаларында өткен. Оған қатысқандардың барлығы жаңа кинотуындыға жоғары баға берген. Президент Нұрсұлтан Назарбаев та аталған фильмді «қазақ халқының ұлттық сана-сезімін көтеретін туынды» деп бағалады.

 

Пікір жазу