Гостиницы в Алматы
2015-02-15 11:51:39 1171 0

1914 жылы 15 ақпанда белгілі актер, шебер режиссер, КСРО халық әртісі  Шәкен Айманов дүниеге келген. Талантты актер 1953 – 1970 жылдар аралығында  «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан.

Шәкен Айманов 1938 жылдан бастап киноға түсе бастаған. 1954 жылдан  режиссер ретінде кино түсірген. 1947 – 1951 жылдар аралығында қазіргі Қазақ академиялық драма театрының бас режиссері болған. 30 жасында  «Жамбыл» көркем фильмінде 100 жастағы Жамбылдың рөлін керемет сомдап шыққан.  Сонымен қатар, «Абайдың шәкірті» фильмінде Абайдың шәкірті,  жас ақын Айдардың бақталасы Шәріп рөлінде ойнаған. Оның қойған көркем фильмдері: «Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе», «Атамекен», «Найзатас баурайында». Көрермен қауымның ой-талғамынан шыққан «Біздің сүйікті дәрігер»  мен «Тақиялы періште» фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытудағы соны ізденістерімен ерекшеленді. Оның соңғы қойған «Атаманның ақыры» фильмі режиссер Айманов шығармашылығының биік шыңына айналды.

Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы қызметін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының  лауреаты.

Режиссер 1970 жылы 56 жасында Мәскеуде көлік апатынан қайтыс болады. Шәкен аса дарынды суреткер актер, ойшыл режиссер ретінде қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен, өшпес із қалдырған дара дарын иесі.

Осы орайда Шәкен Айманов жайлы деректі фильмді назарларыңызға ұсынамыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу