Гостиницы в Алматы
2014-11-19 16:53:15 1205 0

Актриса, ғаламтор-жұлдызы, жеке кәсіпкер  Айнұр Нұрсеитовамен сұхбат:

KF: Айнұр, өзіңіз және жан-ұяңыз туралы айтып берсеңіз?

Айнұр: Мен Талдықорған қаласының тумасы боламын. Әкем - суретші, анам - француз тілінің мұғалімі. Алматы қаласының № 120 мектебін бітірдім. Барлығының жиі қоятын сауалы, қызығып сұрайтыны, жалпы білімім туралы мәлімет. Айта кетейін, арнаулы орта және жоғарғы білімім бар. Бітірген мамандығым - ақпараттық жүйелер.

Қазақстандық сән әлемінде «Нұрсеитова» тегімен танылып жүрген апайларымның - менің тұлға болып қалыптасуыма қосқан үлестері ұшаң қиыр. Қазіргі таңда апайларым елімізге танымал адамдардың қатарында  десем де болады. Үлкен апайым Әсем Нұрсеитова - елімізге танымал дизайнер. Қазақстан сән апталығында өзінің әшекей бұйымдарын бірнеше рет ұсынып, топтамасы нәзік жандылардың ілтипатына бөленіп жүр. Көбінесе, жастар арасында бұйымдары үлкен сұранысқа ие.

Ортаншы апайым Әсел Нұрсеитова - Алматы қаласынддағы француз үйінің директоры.

Үйіміздің кенжесі Бота Нұрсеитова - Астана қаласында тұрады. Жеке бала-бақша  иесі. Үй ішіндегі барлығымыздың жоғарғы біліміміз бар.

KF: Сізді тек телесериалдардан ғана емес, ғаламтордан да халық жақсы таниды. Сіздің ойыңызша, танымалдылықтың сыры неде?

Айнұр: Иә, мен халыққа әлеуметтік желілер арқылы танылдым. Қазіргі таңда өзімнің парақшаларымда  жарнама жасаумен айналысамын. Суреттегі киім үлгілерінің дизайнерлерін атап қоймай, олардың қандай матадан, не болмаса, қай жерде сатылатынын көрсетемін. Танымал болудың бірден бір жолы, ол өз-өзіңді шынайы көрсете білу. Әдемі киімдер мен мінсіз шаш үлгісі - сенің  бейнеңнің  тек қосымшасы ғана.

KF: Әлеуметтік желі  тақырыбын қозғап кеттік. Қандай желілерде отырғанды қалайсыз?

Айнұр: Бүкіл әлемге танымал болып кеткен  инстаграмда жеке  парақшам бар. Оқырмандар саны, күн санап емес, сағат санап өсіп келеді.

KF: Танымал болған сайын сын да көбейеді. Қандай сындар жиі айтылады?

Айнұр: Көбіне, мені «күніне 100 сурет салады, суретке түсуден жалықпайды» - деп, жазып жатады. Суреттер арқылы мен сыртқы келбетімді ғана емес, ішкі жан дүниемді де көрсеткім келеді.

KF: Ал жан-дүниенің сұлуылығы дегенді қалай түсінесіз?

Айнұр: Қызға түр-әлпетіне қарап ғашық бола беруге болмайды. Менің ойымша қыздың ішкі жан дүниесімен қатар, мінезіне, алған тәрбиесіне, ақылдылығы мен біліміне ғашық болу керек деп ойлаймын. Мұндай сұлулықты ата-бабамыз "ақылына көркі сай" деп атаған. Адам өзінің тартымдылығына сенімді болып  тұрса, оның жүріс-тұрысы да, қимылы да өзгереді. Ең басты өзгеретіні – көзқарасы. «Көз – жанымыздың айнасы» деп босқа айтылмаған болар. Әйелдің көзқарасынан-ақ өзіне, әдемілігіне сенімді жан екендігі білініп, сезіліп тұруы керек. Барлығын тартатын да осы сенімділік энергетикасы. Бәрінен бұрын мінсіз адамдар болмайтынын есте сақтаңыз. Ең маңыздысы – өзіңді жақсы көру, тартымды екеніңді сезіну.

KF: Ғаламтор желілерінен өзге табыс көзіңіз бар ма? Кәсібіңіз туралы айта өтсеңіз...

Айнұр:  Жақында өзімнің авторлық @ainurnurseit  сән салонымды аштым. Бұл менің өмірімдегі атаулы оқиғалардың бірі. Себебі, жеке ісіңмен айналысу әр адамның арманы емес пе?!

KF: Сәнді және талғаммен киінесіз. Қандай дизайнерлерді ұнатасыз?

Айнұр: Киім таңдауда белгілі бір ұстанатын бағытым  жоқ. Әртүрлі стильде, көбіне көйлектер кигенді ұнатамын. Егер киім үйлеспей тұрса, қанша жерден сәнді болса да, оны кимеуге тырысыңыз. Дизайнерлерге тоқталатын болсам, көп жағдайда   ұнатқан затыма байланысты  болады. Мен алдымен көйлектің сапасына, бағасына, түсіне, жарасуына қараймын. Ғаламтор парақшаларында көп адамдар киімдерімді  қай жерден алғанымды сұрап жатады, шамам келгенше  жауап беруге тырысамын.

KF: Бірнеше жыл қатарынан қазақстандық сұлулардың TOP-20   рейтингісінде болдыңыз.  Осындай арулардың тізімінде болу үшін не істеу керек?

Айнұр: Үздік топқа кіру - менің өмірлік мақсатым емес.  Халық - сыншы, халық кімнің үздіктің қатарында болу керек екенін өзі таңдайды.  

KF: Сұхбат бергеніңізге рахмет. Біздің kazfashion-ға айтар тілегіңіз?

Айнұр: Тек қана алға! Қазақ тіліндегі сән порталдары көбейе берсін!

 

Сұхбаттасқан Бағдатұлы Мұхамед

 

 

 

 

Пікір жазу