Гостиницы в Алматы
2018-01-10 16:27:34 60 0

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ БАСТАЛАДЫ

Бүгін елімізде жеңіл атлетикадан 2018 жылғы Қазақстан кубогының алғашқы кезеңі басталды. Бұл жайында ҚР Жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты хабарлады.

Аталған дода Өскемен қаласындағы жабық кешенде өтеді.

Қазақстан кубогы - Халықаралық жеңіл атлетика федерациялар қауымдастығының (IAAF) ережесі бойынша өткізіледі. Кубоктың регламенті бойынша алдымен екі іріктеу кезеңі жоспарланған (10-11 қаңтар және 16-17 ақпан). Ал шешуші финалдық кезең 22-23 ақпанда болады.

Кубоктың бағдарламасына 13 жекелеген сайыс және ерлер мен әйелдер арасындағы екі командалық эстафета енгізілген. Атап айтсақ, спортшылар 60, 200, 400, 800, 1500, 3000 метрге жүгіру, 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру, 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіру, биіктікке секіру, ұзындыққа секіру, сырықпен секіру, үш қарғып секіру, ядро серпу және 4х200, 4х400 метрлік эстафета бойынша сайысқа түседі.

Іріктеу кезеңінде спортшыларға бірінші орыннан сегізіншіге дейін ұпай беріледі: бірінші орын - 10, екінші - 8, үшінші - 6, төртінші - 5, бесінші - 4, алтыншы - 3, жетінші - 2, сегізінші - 1.

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша 8 үздік атлет финалға жолдама алады. Сөйтіп, Қазақстан кубогының бас жүлдесіне таласады. Ал эстафеталық сайыстарда ұпай есептелмейді. Тек халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын құраманы жасақтау үшін өткізіледі. Финалдық кезеңде жарыс 32 сайыс түрінен өткізіледі. Қосымша ерлердің жетісайысы мен әйелдердің бессайысы бар. Іріктеу кезеңіндегі ұпай ескерілмейді.

Айта кететіні, Қазақстан кубогына басқа елдің спортшыларына қатысуға болады, бірақ олардың ұпай жинауға мүмкіндігі жоқ.

Пікір жазу