Гостиницы в Алматы
2016-12-12 13:40:44 392 0

1986 жылы Алматыда өткен "Желтоқсан оқиғасына" арналған "Желтоқсан желі" әнінің авторы композитор Әбиірбек Тінәлі әннің қалай пайда болғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

"Бұл ән сонау 1986 жылдың сұрапыл, дауылды 16 желтоқсаны күні өмірге келген еді. Ол кездері мен Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актермын. Қазақтың өрімдей-өрімдей жастары әділдік іздеп орталық алаңға шыққан шақтары. Біздер де жап-жас жігіттерміз. Газеттен жалған ақпарат оқыдық. Жазықсыз қазақ жастарына аймандай жала жабылғаны жайында. Осыншалық жастардың түгелдей дерлігі бір мезетте арақ ішіп, бүлік шығарып жатыр дегендеріне қу жүрегіміз сене қоймады. Жұдырығымыз әлде неге тарс жұмылып, өз-өзімнен ыңылдай бердім. Біздерді Алматыға қарай жібермеді. 17 желтоқсан күні ойда жоқтан ақын Әбдрахман Асылбек ағаны кездестірдім. Ағама көңіл-күйімді айттым. Ызыңдап жүргенімді байқаған ақын оның себебін сұрады. Өзара ақылдаса келе, ол кісі мені мұқият тыңдады.

-Мынауың ән ғой,-деді.

Мені әлденелер мазалап жүргенін айттым. Әрине, Алматыдағы болып жатқан жалақорлықтың себептері екенін асыға жеткіздім. Ашық жазуға болмайтынын саналы түрде сезінген біздер, сонау 1969 жылғы қатты қыс болған желтоқсанды меңзеп ән текстін жаздық. Сөйтіп ойымыз бір жерден шығып, өмірге "желтоқсан желі" деген әніміз келді. 2016 жылдың 16 желтоқсаны күні бұл әнге тура 30 жыл толады екен...",-деп жазды композитор Әбиірбек Тінәлі.

 

Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы 17 — 18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға.

Пікір жазу