Гостиницы в Алматы
2016-05-19 02:17:26 217 0

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, даңқты актер әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов «Baistars.kz» порталына еліміздегі театрлардың тыныс-тіршілігі, жас әріптестерінің аяқ алысы мен жеке шығармашылығы жөнінде айтып берді.    

Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасысыз. Жарты ғасырлық тарихы бар ұйымның қазіргі қауқары қаншалықты?

— Қазақстанда 54-55 театр бар, оның әрқайсысында шамамен 200-дей адам қызмет етеді. Солардың хал-ахуалын үнемі бақылап-бағамдап отырамыз. Бүгінгі таңда ұзын саны 5  мыңға тарта артист — одаққа мүше. Өнер адамдарына қай жағынан да қолдау көрсетуге ниетті орталық болып жыл сайын «Еңлікгүл» атты ауқымды мәдени шараны өткіземіз. Белсенді, еңбекқор актерларға сыйлықтар тапсырамыз. Соның өзі қандай?

Аталмыш шығармашылық ұйымға төраға болып сайланғаныма 7 жыл болды. Осы аралықта «әлсіреп», жұмысы біраз баяулаңқырап қалған одақты шамам жеткенше «тірілтіп» жатырмын.

— Сонда бұл қоғамдық жұмыс қой?

— Иә. Жалақы алмаймыз, ақшамен мүлде жұмыс істемейміз. Бір сөзден айтқанда, «коммерциялық» ұйым емеспіз. Соған сай қолымыз да соншалықты ұзын болмай тұр.

Десек те, ай сайын шығып тұратын «Театр» деген журналымыз бар. Жылына бірнеше рет актерларға шеберлік сабақтарын ұйымдастырамыз. Оларды тәжірибе алмасу үшін ара-тұра шетелге де жіберіп тұрамыз. Қысқасы, қолдан келгенше қол қусырып отырған ешкім жоқ.

— Өзіңіз қай мекеменің қызметкерісіз? 

— Әлі сол Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындамын ғой. Онда бірқатар рөлдерім бар, көрермендермен жиі қауышып тұрамын. Сондай-ақ, былтыр «Әкемтеатрда» Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырып «Ай мен Айша» қойылымын сахналадық. Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шығармасының желісі бойынша қойылған спектакльдің қоюшы-режиссері — өзім. Сөйтіп ақырындап, бір ізбен жүріп жатырмыз.

— Арасында киноға да шақыртулар түсетін шығар?

— Жуырда Голливудық киноға түсіп келдім. Атауы — «Кіші келіншек». Картинада мен басты рөлдегі қыздың әкесін сомдаймын. Оны түсіріп жатқандар да, ондағы актерлар да өзіміздің қаракөздер болғандықтан, Қазақстанда көрсетіледі деп ойлап отырмын. Негізінен, алдымен Америка жұртшылығына ұсынылады.

— Қазіргі таңда көптеген отандық телехикаялар түсіріліп жатыр. Оған шақыртулар болмады ма?

— Болды. Әйткенмен, оны өз басым қолай көрмеймін. Содан бәрінен де бас тартып жүрмін.

— Неліктен?

— Фильмдерге ғана түскенді жөн санаймын. Ол тарихи жанрдағы болса, тіпті жақсы. Әрі айтары бар, әрі көпке дейін елдің есінде қалады.

— Мысалы, үлкен экранда кімнің кейпінде көрінгіңіз келеді?

— Бізде хандардың бейнесі әлі толық ашыла қойылмады. Отандық кинемотография саласында билеушінің бірін сомдасам, қуанар едім.

— Тұңғышбай Қадырұлы, соңғы уақытта елімізде түсіріліп жатқан кино да, оған атсалысатын актерлар да көбейді. Кейінгі буыннан ерекше кімді атап өтер едіңіз?

— Жастардан жақсы артистер бар. Дей тұрғанмен, жастық жалынының арқасында жарқ етіп, жалпақ жұртшылыққа танылу бар да, сол атақ-даңқты ұстап қалу бар. Ақиқаты сол, ондайлар санаулы. Сол себепті, таланттар бар, бірақ солардың арасынан тұлға болып қалыптасып, қанатын кеңге жаятындар аз дер едім.

Бірнешеуінің атын атап, түсін түстеп атасам, ертеңіне олардың адам танымай кетуі бек мүмкін. Соны алдын ала ойлап, кейінгі буынның аяқ алысы жаман емес десем, дұрыс болар.

— Бәрі солай дейді...

— Енді осылай «қадалған жерден қан алмай қоймайтын» болғасын айтайын: Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров секілді өнердегі інілерімнің шығармашылығы басқалардан бір бас жоғары. Сонымен қатар, қызылордалық театрда еңбек ететін Сырым Әбдіразақов есімді жақсы актер бар екен, жақында таныстым. Әзірге есіме түсіп отырғаны осылар. Олардың болашағы өздеріне байланысты, еңбектенсе, бір межеге жетер.

— Өнер адамдарының отбасында өсіп жатқан балалар да болашағын осы саламен байланыстыра ма?

— Шынымды айтсам, балаларымның жолымызды қуғанын қаламаймын. Өйткені өнер жолы — ауыр жол. Үлкен ұлым Ақсұңқар жігіттік жасқа жақындап қалды, өзі шығармашылыққа бейім. Дегенмен, актер боламын деген ниетін әзірге байқамадым.

 

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу