Гостиницы в Алматы
2017-02-22 02:12:27 1130 1

“Singer” жобасына қатысып жатқан Димаш Құдайбергеновтің танымалдығы Қытай бұқаралық ақпарат құралдарында «Димаш феномені» атты терминнің пайда болуына әкелді. Бұл түсінік «екі ел арасындағы үлкен мәдениет қақпасының ашылуы», туристік бум мен басқа да көптеген салалар бойынша ынтымақтастықтың дамуы дегенді білдіреді. Бұл туралы ҚазАқпарат жазады.

«Қазақстандық әнші Қытайға келіп, бір-ақ сәтте атақты болып шыға келді. Ол қытай қоғамының назарын өзіне ғана емес, отаны Қазақстанға да аударды. 18 ақпан күні Димаш Құдайбергенов Чэнду қаласына сапарлап барып, өзімен бірге Қазақстанның достығын да ала келді. Көне Жібек жолындағы қақпа саналатын Қазақстан Қытайдың батысқа бағытталған ашықтық саясатының алдыңғы қатарындағы Чэнду қаласымен ажырамас байланыста. Бұл қала қазір Қазақстанмен сауда-экономикалық салада кең ынтымақтастық жүргізіп отыр. Чэндуден шығып, Еуропаға баратын жүрдек пойыз Қазақстан аумағы арқылы өтеді», - делінген «Күнделікті экономикалық хабаршы» басылымының мақаласында.

Аталған медианың жазуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыс құбылысы ретінде «Димаш феномені» екі елде де туристер легінің күрт өсуіне әкелуі мүмкін. Мұны ауқымды деректер (Big Data) көрсетіп отыр. Оның үстіне, 2017 жыл  - Қазақстандағы Қытай туризмінің Жылы.

«19 ақпандағы жағдай бойынша «Sina Weibo» ресурсындағы «Димаш» хэштегі бар жарияланымдардың көрілімі 780 миллионнан асып кеткен. «Димаш» сөзі қытай іздеу жүйесіндегі ең жиі сұралатын сөздердің рейтингінде 11-орында тұр. 18 ақпанда «Димаш Чэндуде» хэштегі «Sina Weibo» жүйесінде қаралым бойынша үшінші орынға шықты. Әншінің бұл сапары Қытайдағы интернет-қолданушылар арасында кеңінен талқыланды», - деп жазады басылым.

Мақалада «Димаш феноменінің» Қазақстанда да үлкен қызығушылық туғызғаны туралы айтылады. Қазақстандық бірқатар жетекші БАҚ қазақстандық  әншінің “Singer” жобасына қатысуы туралы жан-жақта ақпарат таратуда. Олар Димаштың Қазақстанның мақтанышы екенін және әншінің Қазақстан мен Қытай халықтарының ықпалдастығы үшін жаңа мүмкіндік беріп отырғаны туралы жазады.

«Күнделікті экономикалық хабаршының» келтірген дерегі бойынша, «Байду» қытай іздеу жүйесінде соңғы айда «Димаш» сөзімен бірге «Қазақстан» сөзі бойынша да сұранымдар артып келеді екен.

«Weibo-да» ел «Димаш» деп іздеген соң, Қазақстандағы туризм, қазақстандық тағамдар және басқа да бұл елге қатысты деректерді қарастыра бастайды», - деп атап өтті басылым.

Мақалада Сиань консерваториясының музыкатану факультетінің доценті Син Сюефеннің қазақ-қытай қарым-қатынасын нығайтудағы адамдар арасындағы байланыс рөлі туралы сөзі келтірілген.

«Екі халықтың ұқсас арман-тілегі –  мемлекеттер ынтымақтастығының тұрақты болып тұруына жақсы іргетас. Халықтың қалауын түсінген жағдайда барып қана сауда-экономикалық, көлік, валюталық және басқа салалар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға болады. Үлкен мәдениет қақпасы ашылған соң қазақстандық қарым-қатынас бұрынғыдан да артық дамитын болады», - дейді доцент.

Басылым екі елдің қазақстандық «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен қытайлық «Жібек жолының экономикалық белбеуін» қалыптастыру бастамасын үйлестіру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын еске салады.

«2016 жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген қытай компанияларының саны 3 мыңнан асты. Қазақстан мен Қытай жалпы капиталдандыруы 26,8 млрд долларды құрайтын өндірістік қуаттылық саласында 51 жобаны жүзеге асыру туралы бағдарламаны бекітті», - деп мақаланы қорытындылады «Күнделікті экономикалық хабаршы».

Бұған дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғали қытай туристік компанияларының "ЭКСПО-2017" көрмесіне турист тарту мақсатында Димаш Құдайбергеновтің танымалдығын пайдаланып жатқаны туралы айтқан болатын.

Осы уақытқа дейін "Singer" жобасының алты кезеңіне қатысқан Димаш Құдайбергенов жалпы есепте бірінші орында келе жатыр. Ол, сондай-ақ Қытайдағы танымал адамдар рейтингінде бірінші болып тұр. Қазақстандық әнші Қытайда танымал көлік брендінің жарнамасына да түсіп, белгілі актер Джеки Чанмен кездесіп үлгерді.

Алғашқы кезеңде Димаш Құдайбергенов француз тіліндегі "SOS d'un terrien en détresse" әнін орындап, көрермендер қошеметіне бөленді. Қытайлық музыка мамандары оны "Тәңір назарына алған әнші" деп атады, ал фанаттары қазақша үйрене бастады. Жергілікті компания әншінің құрметіне смартфон шығарды, сонымен қатар "Димаш" және "Қазақстан" Қытай интернетінде жиі ізделінетін сөздер қатарына енді.

Пікірлер

  • жарайсын ага

Пікір жазу